Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/oblys-akimderin-saylau-maselesi-kezen-kezenimen-karalady-senator_a3939840

Облыс әкімдерін сайлау мәселесі кезең-кезеңімен қаралады – сенатор НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Конституциялық реформаның тағдырын шешетін республикалық референдумға екі-ақ күн қалды. Осы қарбаластың алдында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлейменнен сұхбат алудың сәті түсті. Талай жыл Орталық сайлау комиссиясында еңбек еткен сенатор референдумға шығарылатын өзгерістер төңіргеніде ел аузында жүрген даулы пікірлер туралы пайымын айтты. — Ләззат Жаңылысқызы, орталық сайлау комиссиясында талай жыл еңбек еткеніңізді білеміз. Дегенмен біздің елдің референдум өткізу тәжірибесі соншалықты бай деп айтуға келмейтін шығар. Бұл жолғы референдумның халық алдындағы, халықаралық аренадағы легитимділігі қалай қамтамасыз етіледі? — Иә, біздің елде референдум өткізу тәжірибесі қалыптасқан деп айтуға келмейді. Осы 30 жыл ішіндегі бұл үшінші референдум. Референдум кезінде байқаушылар қатысады. Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сәйкес 5 маусымға тағайындалған республикалық референдумға халықаралық ұйымдардың және шет мемлекеттердің байқаушыларынан ТМД байқаушылар миссиясынан, ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан, Түркі мемлекеттері ұйымынан байқаушылар миссиясынан, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ референдумды Бағалау жөніндегі миссиясынан байқаушылар қатысуға ниет білдіріп отыр. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы, Тайланд Корольдігі, Армения, Қырғызстан, Молдова, Палестина, Тәжікстан, Түркия, Франция, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия Республикаларынан шет мемлекеттер байқаушылары да қатысады. Байқаушылар референдум комиссияларының жұмысына араласпайды, бірақ толыққанды бүкіл үрдіске бақылау жасауға құқығы болады. — Сіздің пайымыңызша, республикалық референдумға шығарылып отырған мәселелердің ішіндегі ең маңыздылары қайсысы? — «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз», – бұл Президент пікірі. Яғни, Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру – реформалардың берік саяси-құқықтық іргетасы, мақсаты. Меніңше, ұсынылып отырған Конституциялық өзгерістердің барлығы маңызды. Олар өзара байланысты жəне бір мақсатты көздейді, атап айтқанда: Азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғау. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тарту; Билік өкілеттіктерін қайта бөлу арқылы биліктің тепе-теңдігі мен теңгерімдігін қамтамасыз ету; Парламентті күшейту; Елді басқару ісіне халықты белсенді қатыстыруға конституциялық негіз қалыптастыру. — Қазақстандықтардың өмірінде барынша жылдам көрініс табатын қандай конституциялық өзгерістер бар деп есептейсіз? — Ең алдымен, менің ойымша, елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігінің кеңеюі. Бұл бағытта ұсынылып отырған қадамдар саяси үдерістерді шын мәнінде демократияландырады. Сайлау жүйесінің өзгеруіне байланысты бір мандатты округтерден белсенді азаматтардың Мәжіліске, облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттарға келуі саяси плюрализм ауқымын кеңейтеді. Өйткені, Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін және тиісті заңдарға өзгерістер енгізілгеннен кейін Мәжіліс, мәслихаттар жаңа сайлау жүйесімен сайлануға міндетті. Сол кезде аудандарда мәслихаттар тек қана бір мандаттық округтерден сайланады. Облыстық мәслихаттың 50%-н, Мәжілістің 30%-ы жекелеген азаматтарға бір мандатты округтер бойынша сайлануға мүмкіндік береді. Бұл қоғам өмірінде бірден көрінетін мәселе деп ойлаймын. Екіншіден, азаматтардың конституциялық құқын қорғау үшін жасалып отырған қадамдар. Конституциялық Сот Ата заң кепілдік беретін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты өтініштерін және нормативтік-құқықтық актілердің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды. Прокуратураның құзыреті, оның жасақталуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заңмен белгіленеді. Үшіншіден, жаңа партиялардың қалыптасуы. Қазірдің өзінде де бірнеше танымал, белсенді азамат өз партияларын құру туралы бастамаларын көтеріп отыр. Саяси партия құру тәртібі жеңілдетілді. Ол үшін 5000 партия мүшесі жеткілікті және облыстардағы өкілдіктерінің ашылуы туралы талаптардың бәріне жеңілдіктер енгізіледі. — Жердің асты мен үстіндегі байлықтың бәрі халықтың игілігі екені Конституцияға жазылмақшы. Халық мұны құптағанымен осы өзгертудегі екінші сөйлемге күмәнмен қарап отыр. Мемлекет халықтың атынан аталған игіліктерді пайдалану бойынша шешім қабылдайды дегенді қабылдағысы келмейді. Жұрттың бұл қаупі қаншалықты орынды? Бұған дейін Конституцияда жердің асты мен үстіндегі байлықтың халық игілігі екенінің жазылмауы салдарынан қандай да бір келеңсіздіктерге жол берілген бе? Жалпы бұл сөйлемді жазу не үшін қажет болып отыр? Ол жазудың Ата заңда болуы жер қойнауы мен табиғи ресурстарды игеру ісіне қандай өзгеріс әкеледі? — Қазіргі Конституцияда жер қойнауы мемлекетке тиесілі деп жазылып тұр. Әкімдер мемлекет атынан жер мәселесін өздері шешіп, халық мүддесін ескермеген жағдайлар аз емес. Халықтың жайылым жерлерінің жоқтығына байланысты-ақ жүздеген мысал келтіруге болады. Бұл мәселені шешу туралы кездесулер кезінде халық депутаттарға нақты талап қойып отыр. Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы осы мәселелерді сараптап, мынадай түзетулерді енгізді: «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін». Бұл қадам өте маңызды, енді жер — халықтың меншігі. Мемлекет жер ресурсын басқару процесінде ең алдымен халықтың, қоғамның мүддесін басшылыққа алу керек. Осылайша, әкімдер жерді өз қалауымен жекеменшікке беруі сияқты тәуекелдер жойылуы тиіс. Кез келген уақытта жер мәселесі туралы келісім болмаса, оны талқылауға шығаруға, шешімді жою мәселесін қоюға құқылы болады. Жерді басқаруда қате кетсе, тиісті адамдар жауапкершілік тартады, яғни жер мәселесін шешу үшін халықтан сұрау керек. Бұл Конституциялық түзетудің ауқымында қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізілуі, жерді басқарудың тиімді тетіктері қарастырылуға тиіс. — Конституциялық реформадағы облыс әкімдерін жанама сайлау мәселесін де халық екіұшты қабылдап отыр. Халықтың өзі тікелей дауыс бермегендіктен, жұртқа жақын басшы келе қоятынына күмәнмен қарайтындар бар. Оның үстіне әкім лауазымына үміткер екі адамды да халық ұсына алмайды. Референдумға бұл мәселе неге осы күйінде ұсынылып отыр деп ойлайсыз? — Иә, халық тікелей ұсына алмаса да, өзінің өкілдері мәслихат депутаттары арқылы облыс әкімдерін сайлайды, яғни облыс әкімдерін сайлауда – жанама сайлау құқығы енгізіліп отыр. Облыстың барлық мәслихат депутаттары жиналып, Президент ұсынған кандидаттарға дауыс береді. Бұған дейін облыс әкіміне бір-ақ кандидат ұсынылатын, мәслихаттың келісімімен жалпы дауыс берумен шешілетін. Қазір кемінде екі, мүмкін одан да көп азаматтың кандидатурасы ұсынылады және депутаттар оларды жақтап немесе қарсы дауыс береді. Бұл тәртіп те алға ілгерілеушілік деп ойлаймын. Жалпы атқарушы билікті халықтың тікелей сайлауы ауыл әкімдерін сайлаудан басталды, енді аудан әкімдерін сайлау енгізіледі. Одан кейін барып, облыс әкімдеріне кезең-кезеңмен келу мүмкіндігі қарастырылатын болар. Жалпы жергілікті атқарушы биліктегі негізгі буын — аудан әкімдері. Өйткені жерге, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты мәселелер аудан әкімінің шешімімен жүзеге асырылады. — 23-баптың 2-тармағындағы түзету бойынша, «Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс», — деп жазылмақшы. Бұрын бұл санатта ондай тыйым болмаған еді. Демек, аталған лауазым иелері елдегі сайлау процестеріне араласып келген деп айтуға бола ма? Оның қандай мысалдарын айта аласыз? Ал егер бұған дейін ондай проблема туындамаса, өзгеріс енгізу не үшін қажет болып тұр? — Конституциялық өзгерістерге сәйкес өзіңіз атап отырған жоғарғы лауазымды азаматтар енді саяси партияның мүшелері болмайды. Яғни жаңа саяси конструкцияда бұл лауазымдар партиялар мүддесінен жоғары тұрады. Жасыратыны жоқ, осыған дейін, Нұр-Отанның билік партиясы болып, үстемдікке ие болғаны белгілі. Ондай проблемалар болды, ендігі кезеңде бұндай тәжірибеге жол берілмеуі тиіс. Конституциялық реформалардың мақсаты да осы. — 44-баптың 4-тармағында Президент қайта құрылатын Конституциялық Соттың төрағасын тағайындайтыны айтылған. Бұл елдегі сот билігін Президентке тікелей тәуелді ететін норма емес пе? Мысалы, Германияда Конституциялық Сот төрағасын канцлер тағайындай ма? — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде 1995 жылы жұмысын тоқтатқан Конституциялық Сотты қайта құруды тапсырды, конституциялық бақылау органы қайта жанданады. Конституциялық сотты ұйымдастыру және оның қызметі, атап айтқанда нормативтік-құқықтық актілердің, оның ішінде заңдардың күшін жою жөніндегі өкілеттіктерге қатысты түпкілікті шешімдер Конституциялық Сот туралы тиісті Конституциялық Заңда реттелетін болады. Соттың өзі Төрағаны қосқанда 11 судьядан тұрады. Төрт судьяны Президент тағайындайды, алты судьяны Парламенттің қос палатасы тағайындайды. Президент Сот Төрағасын Сенаттың келісімімен, Төрағаның орынбасарын Сот Төрағасының ұсынуы бойынша судьялар арасынан тағайындайды. Бұл процесс Конституциялық сотта теңгерімділікті қамтамасыз етеді. Өзіңіз айтқандай, Германияда Конституциялық сот – ең жоғарғы сот органы. Төраға 12 жыл мерзімге сайланады. Он алты судьяның сегізін Бундестаг сайлау комиссиясы, қалған сегізін Бундесрат федералды жерлерінің өкілдері таңдайды. Сот ГФР-дің негізгі заңына түсінік береді және конституциялылықты, яғни Конституцияға федералды және жер заңдарының сәйкестігін тексереді, Бундестаг пен Бундесраттың шешімдерінің күшін жоюға құқылы. Қазақстанның Конституциялық сотының да конституциялық емес деп танылған заңдар мен баптардың күшін жоятын өкілеттілігі болады, ол арнайын заңдарда қаралады. Әр түрлі деңгейдегі судьяларды сайлау коғам көтеріп жүрген мәселелердің бірі. Бұл да кезең-кезеңімен қаралатын маңызды реформалар болмақ. — Жоғары аудиторлық палата мен Есеп комитетінің айырмашылығы қандай? — Есеп комитетінің Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылуы ең алдымен мемлекеттік бюджетті бақылауды күшейтеді, мемлекеттік қаражатты жұмсаудың тиімділігін арттырады. Бұл құрылым Мәжіліске есепті болмақ. Мәжіліс депутаттары – 98 адам халықтың өкілдері, яғни бюджет қаражатына Мәжіліс арқылы халық бақылауын күшейтеді деп айтсақ артық болмас. Бұл жерде Жоғары аудиторлық палата тек қана республикалық бюджеттің орындалуын ғана емес, квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік қаражат, жергілікті бюджет – барлығына сараптама жасайды және жылына екі рет Мәжілістің алдында есеп береді, — деп Конституция жобасына енгізіліп отыр. Аудиторлық палата тек қана жылына екі рет есеп беріп қана отырады деп ойламаймын, нақты жобалар бойынша, депутаттармен қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы бюджеттің атқарылуының сапасын арттыруға ықпал ететін мықты институт болмақ. — Заң қабылдау процесіндегі Мәжіліс пен Сенаттың құзыретіне қатысты өзгертулерді қарапайым тілмен түсіндіріп беріңізші. Заңды қабылдау құзыреті екі палатаның біріне ғана берілетін болса, екіншісін ұстаудың қажеті қандай? — Қазіргі тәжірибеге қарасаңыздар заңдардың көпшілігі қоғамда Мәжілісте шешім қабылданғаннан кейін талқыланады. Бұл жерде Сенаттың көпшіліктің мүддесін ескере отырып, Мәжіліске қайтару мүмкіндігі бар. Оның үстіне аймақтардың мүдделері, ұлттар мәселесі және т.б. Сенат жұмысында шоғырландырылады. Заңдарды қабылдау тәртібі Мәжіліске басымдық беріле отырып, Конституциялық өзгерістерде көрсетілген. Парламентке байланысты Конституциялық өзгерістер заңдардың сапасын жақсартуға, қоғамдағы өзекті мәселелердің Парламентте талқылануына бағытталған. — 83-бапта «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді» деген сөйлем енгізіліп жатыр. Бұл не үшін қажет? Бұған дейін аталған уәкіл осындай кедергілерге тап келіп, соның кесірінен адам құқықтары елімізде табанға тапталған жайттар болды ма? Солай болса, қандай нақты мысал келтіре аласыз? — Халық арасында құқықтарымыз бұзылды деген пікір жиі естілетін болды. Сенатқа қабылдауға келген азаматтар да, халықпен кездесулерімізде де осы мәселе көтерілді, яғни проблема бар. Әлемдік тәжірибеде адам құқықтарын қорғаумен тек құқық қорғау органдары ғана емес, тәуелсіз институттар да айналыса алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің негізгі міндеті азаматтардың құқықтарын қорғау. Бұл да ҚР азаматтарының құқын қорғауға бағытталған қадам. Қаңтардағы оқиғаларды тергеу кезеңінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл іс жүзінде алғашқы күннен бастап белсенді жұмыс атқарғаны белгілі. Омбудсмен, беделді заңгерлер бастаған тәуелсіз қоғамдық комиссиялар прокуратура органдарымен тығыз өзара іс-қимыл жасап, өз ұстанымдарын ашық білдірді және азаматтарымызды қорғады. Нәтижесінде заңсыз үкімдердің тәуекелдерін едәуір төмендетуге қол жеткізілді. Омбудсменнің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелсіздігі мен есеп бермейтіндігі, сондай-ақ оған ешкімнің тиіспеуі кепілдігі бекітілетін болады және өз жұмысы кезеңінде Сенаттың келісімінсіз тұтқындауға немесе күштеп әкелуге де болмайды. Уәкілдің тек Сенаттың келісімімен ғана құқық қорғау органдарымен ұсталуы мүмкін деген сөз. Бұл оны құқық қорғау және басқа мүдделі органдарының қысымынан қорғау, яғни оны тәуелсіз ету үшін қажет. Бұл орайда да Конституциялық заңның қабылдануы көзделеді, яғни бұл тетік қалай іске асырылатынын біз талқылап, нақты ұсыныс енгізуге тиіспіз. Барлығы Адам құқықтарын қорғау институтын күшейтуге бағытталған. Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің жергілікті жерлерде де уәкілдері болады. Бұл қадамдардың бәрі маңызды, жергілікті жерлерде азаматтардың құқықтарын қорғалуына сапалық өзгерістер әкеледі. — 87-баптың 4-тармағында Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметінен босатуға құқылы екені айтылған. Мәслихат өкілдерінің келісімі ескерілмей ме? Тағайындаған кезде солардың жанама дауыс беруі арқылы шешім қабылданды емес пе? — Мәслихат депутаттарының облыстың да, қаланың да, ауданның да әкімдерін қызметінен босатуға құқығы бар. Қазіргі заңнама бойынша, егер мәслихат депутаттарының 1/5 тиісті әкімді орнынан алу туралы бастамашылық жасаса, ол мәслихат сессиясында қабылданса, әкімді орнынан босату туралы мәселені Президенттің немесе жоғары тұрған әкімнің алдына қою құқығы бар. Сондықтан да мәслихат депутаттарының пікірі әкімді жұмыстан босатуда есепке алынады. -Сұхбатыңызға рахмет!


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/oblys-akimderin-saylau-maselesi-kezen-kezenimen-karalady-senator_a3939840