Қаржылық мониторинг агенттігіне қарасты Ақмола облысының экономикалық тергеулер департаменті, осы жылдың қорытындысы бойынша 51 қылмыстық істі әшкереледі. Оның 30-ы ағымдағы жылы тіркелген, жартысынан астамы ауыр қылмыстар санатына жататын істер болып табылады. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру Департаменті басшысының орынбасары Алмаз Баймурзин брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды өңірлік коммуникацилар қызметінен.

Бүгінгі таңда департамент аталған істің 74,5%-ын аяқтады, яғни 38 іс бойынша тергеу аяқталып, 30 іс сотқа жіберілді. Бұл көрсеткіш департаменттің жоғары деңгейде жұмыс істеп жатқандығын айқындайды.

«Қазіргі таңда департаментте өндірістегі істердің басым бөлігі бюджет саласындағы ұрлықтарға қатысты, олардың үлесі 47%-ды құрайды. Сонымен қатар, көлеңкелі экономика, қаржы пирамидалары және басқа да қылмыстарға байланысты істердің үлесі де едәуір жоғары», — дейді Алмаз Баймурзин.

Департаменттің басты міндеттерінің бірі – қылмыстардың салдарынан келтірілген қаржылық шығынды өтеу. 2024 жылы мемлекет бюджетін толықтыру мақсатында 817,8 миллион теңге көлемінде шығын өндірілді. Сонымен қатар, жүргізілген параллельді қаржылық тергеулер нәтижесінде қылмыстардан алынған табыс 601,5 миллион теңгені құрады, күдіктілердің мүлкіне 384,4 миллион теңге көлемінде тыйым салынды.

«Қазіргі уақытта 12 қылмыстық іс бойынша сот үкімдері шықты, оның 10-ы бойынша мүлікке тәркілеу шарасы қолданылды. Бұл шаралар мемлекет пайдасына 70,7 миллион теңге мүлікті тәркілеуге әкелді»,- деп толықтырды департамент маманы.

Департамент әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әртүрлі превентивті шараларды да жүргізуде. Ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы халықты қаржылық және құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу үшін «Байқа, Пирамида» және «АФМ-инсайдер» сияқты телеграм-боттар іске қосылды. Сонымен қатар, «Аманат» партиясымен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырылып, қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған лекциялар мен тренингтер өткізілді.

«Қоғамның түрлі топтары – қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтар, ірі алаяқтық құрбандары, бұрын құмар ойындарына әуес болған тұлғалар осы жобаға қатысып, маңызды құқықтық кеңестер алды. Қаржылық сауаттылықтың төмендігі алаяқтардың жаңа әдістермен халықты алдауға ұмтылуына себеп болуда, сондықтан да департамент осы бағыттағы жұмысын үздіксіз жалғастыруда»,- деп түйіндеді спикер.

2024 жылы департамент 4 қаржы пирамидасының заңсыз қызметін тоқтатқан. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде қаржы пирамидаларына қатысқан 12 чат пен аккаунт жабылып, 2316 адам тіркелген қылмыстық топтардың қызметіне тосқауыл қойылды. Бұдан бөлек, интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында департамент 1309 веб-сайтты бұғаттап, заңсыз контентті жою үшін шаралар қабылдады.