Primeminister.kz сайтының редакциясы еліміздің 2024 жылғы даму қорытындылары туралы жарияланым топтамасын жалғастыруда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет мұнайдан тыс секторды дамытуға бағытталған экономиканы құрылымдық өзгерту бойынша бірқатар шара қабылдады. Отандық өндірушілерді қолдау құралдарын күшейту арқылы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру және іскерлік белсенділікті күшейту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.
Негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны
Алдын ала бағалау бойынша осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,4%-ды құрады, ол негізінен мұнайдан тыс секторды дамытумен қамтамасыз етілген. Экономика өсімінің 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс есебінен қалыптасты. Салалар бөлінісінде келесідей динамика байқалады: ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығарудың 13,4%-ға өсуі байқалды, бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады; құрылыста – 10,3%; саудада – 8,2%; көлік қызметтерінде – 8,1%; байланыста – 5,3%; өңдеу өнеркәсібінде – 5,3%. Жалпы, аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі 5%,-ға, көрсетілген қызметтер 4,5%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жетті.
Сыртқы сауда айналымы биылғы 10 айда $116,9 млрд-ты құрады. Қазақстандық тауарлардың экспорты 5,1%-ға өсті, ақшалай баламада көрсеткіш – $68,5 млрд. Бұл ретте өңделген тауарлардың экспорты 10,2%-ға ұлғайып, $23,3 млрд-қа жетті. Шикізаттық емес экспорттың тұрақты өсуі көбінесе қазақстандық тауарларды Қытай мен Түркияға жеткізу көлемінің артуымен, сондай-ақ Еуропа нарықтарындағы қатысудың кеңеюімен байланысты.
ҚХР-ға экспорт көлемі 5,3%-ға өсіп, $12,3 млрд-ты құрады. Бұған мемлекет пен бизнестің бірлескен белсенді жұмысы ықпал етті. Қытай тұтынушылары арасында отандық өнімдердің танымалдылығын арттыру мақсатында қазақстандық компаниялардың CIFTIS, CIIE, Digital Expo сынды үлкен көрмелерге және басқа да шараларға қатысуы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ jd.com, Doiyin, Alibaba электронды платформаларындағы ұлттық павильондар арқылы тауарларды ілгерілету жұмыстары жанданып, стримингтер ұйымдастырылды.
Ирландия, Швейцария және Франция сияқты ЕО елдеріне экспорттық ағындарды өсіру олардың диверсификацияланғанын көрсетеді. Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты көршілес елдерге шикізаттық емес экспорттың өсуі Қазақстанның саудасы үшін Орталық Азия өңірінің маңыздылығын айғақтайды.
Биылғы қызмет көрсету экспорты 10,5%-ға өсіп, $8,4 млрд деңгейінде тіркелді. Осы сектордың драйверлері болып тасымалдау, ІТ, қаржы және басқа іскерлік қызметтер салалары аталды.
Сонымен бірге есепті кезеңде импорт 3,3%.-ға қысқарды. Импорттың төмендеуімен қатар жүретін экспорт көлемінің ұлғаюының нәтижесі экономиканың оң сауда балансының 33,4%-ға өсуі болды. Аталған көрсеткіш $20,1 млрд деңгейінде қалыптасты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл инфляция төмендеп, қараша айында жылдық мәнде 8,4%-ды құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңінде инфляция 10,3% деңгейінде болды.