ҚР Президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаев Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттерімен, оқытушыларымен және қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында ол жиналғандарды өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, «Ауыл» партиясы қызметінің негізгі бағыттары туралы айтты.
Университеттің бірегейлігі аграрлық ғылымның, білім мен өндірістің тығыз интеграциясында жатыр. Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды оқыту олардың ғылыми зерттеулерге және ғылыми-техникалық жобаларға белсенді қатысуына негізделген.
«Қазақстанда аграрлық ғылым, ғалымдар бар. Бірақ олардың ғылыми-зерттеу қызметінің сапалы нәтижелері аграрлық өндіріске жетпейді. Іске асыру жүйесі жұмыс істемейді. Ғылымның ұйымдық құрылымын, сондай-ақ аграрлық ғылымды қаржыландыру тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет», — деп атап өтті Жигули Дайрабаев.
Кездесу соңында жиналғандар Жигули Дайрабаев пен партияның президенттік сайлаудағы бастамаларын қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
Сайлау науқаны 21 қазанда басталып, сайлауға бір күн қалғанда, 19 қарашада аяқталады. Бұл күн бүкіл республика бойынша үнсіздік күні болады. Президент сайлауы 20 қарашада өтеді.