Жарқайың ауданы енді қашықтықтан білім алуға қолайлы өңір қатарында. 20 мектептің барлығы тұрақты интернет желісіне қосылып, жеті мекеме спутниктен талшықты — оптикалық байланысқа көшті. Бұл жаңалық ауданның білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге деген ұмтылысының нақты көрінісі. Бұл туралы журналситермен өткен брифингте аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммункиациялар қызметінен.

Аудан аумағында барлығы 20 жалпы білім беру мекемесі жұмыс істейді. Онда 474 мұғалім 2 070 оқушыны тәлімгерлік етеді. Мұның өзі ауылдық жердегі білім беру сапасының шетелдік стандарттарға сай дамып бара жатқанын көрсетеді.

«Білім беру біздің болашағымыздың іргетасы. Оны цифрландыру мен инфрақұрылымды жаңғырту арқылы оқушыларға ең үздік мүмкіндікті ұсынамыз», – деді спикер.

1-мамырдан бастап аудан мектептері Starlink спутниктік жүйесінен оптикалық-талшықты байланысқа көшті. Бұл өз кезегінде онлайн сабақтардың сапасын арттырып, қашықтықтан оқыту мүмкіндігін кеңейткен. Сонымен қоса мұғалімдердің электронды ресурстар қолдануын жеделдетіп отыр.

Жарқайың ауданы облыста алғашқылардың бірі болып «Айгөлек» шағын-орталығын республикалық бюджеттен бөлінген 95 млн есебінен толық жөндеп шықты. «Арал 0,5» ЖШС компаниясының мердігерлігімен наурыз – мамыр айларында іске асырылған жоба балалардың дамуына қажетті жаңа ойын және оқу құралдарымен қамтамасыз еткен.

««Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп білім сапасын талай есе ұлғайтатын 500 млн көлеміндегі құрал-жабдық төрт мектепке жеткізіледі. Н. Крупская атындағы, Шойындыколь, Бірсуат және Үшқарасу орта мектептері қыркүйекте интерактивті тақта, лабораториялық кешендер мен цифрлық оқулықтар алады деп күтілуде», – деп толықтырды әкім.

Аудан әкімінің айтуынша, осы жылы 11-сыныпты аяқтайтын 85 жас түлек арасынан 4 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Бұл аудан ұстаздарының біліктілігі мен оқушылардың белсенділігінің айқын дәлелі.

«Әр баланың талантын ашып, мүмкіндігін кеңейту біздің басты мақсатымыз. Сондықтан білім беру инфрақұрылымына инвестиция салу – біз үшін ең маңызды міндет», – деп қорытындылады Ербол Жүсіпбеков.