Ақмола облысының Атбасар қаласында 280 оқушының қатысуымен «Ойлы ұрпақ – жарқын болашақ» атты зияткерлік-диалог алаңы өтті. Іс-шара нашақорлықтың алдын алуға, саналы таңдау жасауға және құрдастарының теріс ықпалына қарсы тұра білуге бағытталды.

Іс-шараны Ақмола облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері Әсет Байжолов және Вадим Пашкурлатпен бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесудің маңызды бөлігі полиция қызметкерлері ұйымдастырған интерактивті ойын-тренинг болды. Оқушыларға түрлі өмірлік жағдаяттар ұсынылып, олардан әр жағдайдан шығудың жолын өз бетінше табу, қабылдаған шешімдерін негіздеу және өз әрекеттерінің ықтимал салдарын бағалау талап етілді.

Диалог алаңын Кеңес мүшесі Әсет Байжолов жүргізді. Ол оқушыларды еркін пікір алмасуға тартып, өз ойларын ашық айтуға және көкейлеріндегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік жасады.

Әлем чемпионы Вадим Пашкурлат жастар өміріндегі спорттың маңызы туралы әңгімелеп, жеке тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар оқушылар арасында шағын сайыс ұйымдастырып, барлық қатысушыны ынталандырды. Бұл кездесу спорт пен пайдалы әуестіктер арқылы өзін-өзі дамыту және әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылауға жол ашты.

Сонымен қатар қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлеріне арналған «Жеті қазына» зияткерлік ойыны өтті. Оқушылар өз білімдерін сынап, тапқырлықтары мен эрудицияларын көрсетті.