Жұмыссыздық кез келген өңір үшін маңызды мәселе болып табылады. Ерейментау ауданында өткен жылы жұмыссыздық деңгейі 2,1 пайызға жеткен. Алайда, ауданда жұмыс орындарын құру бойынша үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Баттал Ыбыраев журналистермен өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, 2024 жылы аудан бойынша бір мыңнан астам адам жұмысқа орналасуға өтініш білдіріп, оның жартысынан көбі тұрақты жұмысқа қабылданған. Осылайша, аудан тұрғындары өз кәсіптерін тауып, айтарлықтай тұрақты табыс көзін ашуға мүмкіндік алды.
«Ерейментау ауданында өткен жылы жұмыссыздық деңгейі 2,1 пайызға жеткен. Оны шешу үшін қосмыша жаңа жұмыс орындарын құрдық. Бұл аудан экономикасының өсуіне оң әсер етті. Осының арқасында орташа еңбекақы 250 мың теңгеге жуықтап, өткен жылмен салыстырғанда біршама артты. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға әсер етті», — деді Баттал Ыбыраев.
Брифингте айтылғандай, ауданда жұмыссыздықпен бірге, әлеуметтік көмек көрсету мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Әлеуметтік көмек көрсету жүйесі 2023 жылдың қаңтарынан бастап цифрландырылған.
«Бұл жаңа жүйе тұрғындарға әлеуметтік көмек алу үдерісін жеңілдетті және ашықтықты қамтамасыз етті. Әлеуметтік көмек алу үшін тоғыз мыңдай отбасы тіркелді. «Д» және «Е» категорияларына жататын көп балалы, аз қамтылған және мұқтаж отбасыларға көмек көрсету шаралары тиімді жүзеге асырылған. Бұл жүйе арқылы тұрғындардың нақты қажеттіліктері ескеріліп, көмек көрсету жұмыстарының сапасы артқан», — деп толықтырды ол.
Сондай ақ, Ерейментау ауданында әлеуметтік инфрақұрылымға үлкен көңіл бөлініп отыр. «Тең мүмкіндік» жол картасы аясында 9 әлеуметтік нысан қайта жөндеуден өтті. Бұл тұрғындардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған шаралар. Аудан тұрғындарының әлеуметтік инфрақұрылымға деген қолжетімділігі артты, бұл жалпы аймақтың дамуына оң әсер етті.