Үкімет осы жылы кәсіпорындарды одан әрі ірілендіруге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға баса назар аудара отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде бірқатар шаралар қабылдады. Осындай шаралардың бірі шетелдік әлеуетті өнім берушілердің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға және квазимемлекеттік компанияларды сатып алуға қатысуына қол жеткізуін шектеу болып саналады. Биыл тізбе 3 еседен астамға – 4 536 атауға дейін кеңейтілді. Нәтижесінде, тек 2024 жылдың 9 айында мониторинг субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі 21,2 трлн теңгені құрады, оның ішінде елішілік құндылығы 11 трлн теңгеге немесе 51,8%-ға жетті.
🔵 Жылдың 11 айында отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттардың сомасы 34,4%-ға өсіп, 372,9 млрд теңгені құрады. Офтейк-келісімшарттар бойынша көлемі 14 есеге, 134 млрд теңгеге дейін өсті. Қатты пайдалы қазбалар мен ОТӨ бойынша жер қойнауын пайдаланушылар арасында жалпы сомасы 111,1 млрд теңгеге 248 ұзақ мерзімді шарт және 27,8 млрд теңгеге 42 офтейк-келісімшарт жасалды. Салыстыру үшін: 2023 жылдың сәйкес кезеңінде 47,5 млрд теңгеге 35 ұзақ мерзімді шарт және 4,8 млрд теңгеге 10 офтейк-келісімшарт жасалған болатын. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыстары мен қызметтерін сатып алудағы елішілік құндылық үлесі бойынша индикатор 81% деңгейінде айқындалды; 2025 жылға арналған жоспарда оны 82%-ға дейін жеткізу көзделген.
⏩ Сонымен қатар биыл мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың жаңа қағидалары бекітілді. 2024 жылғы 1 шілдедегі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес, Қағидаларда жұмыс тәжірибесі мемлекеттік сатып алу аясында орындалған шарттар бойынша және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтері бар басқа да шарттар бойынша есепке алынады. Тапсырысты орындаушы қосалқы мердігерлер атқаратын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Заңнамалық өзгерістер конкурсты өткізу мерзімдері мен өтінімдерді беру рәсімдерін қамтиды. Өтінім беру мерзімі 15 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
📌 Ережелер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.