Гуманитарлық-техникалық академиясында студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» нарративі аясында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға заң талаптарын сақтау, құқықтық жауапкершілікті түсіну, есірткі қылмыстарының алдын алу және қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдары туралы маңызды ақпарат беру.

Кездесуге арнайы шақырылған спикерлер қатысты. Атап айтқанда, наркоқауіпсіздік полиция бөлімінің подполковнигі, Аналар кеңесінің мүшесі Разия Талғатқызы Курсанова, патрульдік батальонның аға инспекторы, лейтенант Адильхан Сералыұлы Каукенов және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға уәкілі Ильяс Даулетханұлы Турсунбаев студенттермен өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, заң алдындағы жауапкершілік және қаржылық алаяқтықтың кең таралған түрлері талқыланды. Сонымен қатар студенттерге күмәнді қаржылық операциялардан сақтану, жеке деректерді қорғау және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.

Іс-шараға 100-ге жуық студент қатысып, құқықтық қауіпсіздік пен азаматтық жауапкершілікке қатысты маңызды мәліметтер алды.

Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жастардың құқықтық мәдениетін нығайтуға, заңға құрметпен қарауын қалыптастыруға және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың негізі, ал заңды сақтау – әр азаматтың міндеті.