
Ақмола облысының ветеринария саласы заман талабына сай цифрландыру бағытын қолға алды. Бүгінде өңірде VetLab, РПО, Процессинг орталық, ВСЭ, ISZH-mobil, TortTulik сынды алты жаңа модуль пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл жүйелер ветеринариялық процестерді жеңілдетіп, мамандардың жұмысын жедел әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.Бұл туралы Ақмола облысы ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ағыбай Сыздықов брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Соңғы үш жылда ветеринарлардың жалақысы екі есе өсіп, жас мамандардың келуіне жол ашылды. Дегенмен ауылдық жерлерде кадр тапшылығы бар. Аймақта ветеринариялық мамандармен қамтылу деңгейі 77% құрайды. Кейбір аудандарда бұл көрсеткіш 29%-ға дейін төмендеген. Осы мәселені шешу үшін Қатаркөл колледжі мамандар даярлауды күшейтіп, 14 мамырда бос орындар жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отыр.
«Ветеринарияны цифрландыру ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға да оң әсерін тигізуде. Аймақта бруцеллезге қарсы күрес күшейтіліп, 2024 жылы тек бір ғана ошақ тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе төмен», — дейді спикер.
2025 жылға облыстық бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлініп, мал ауруларын анықтау, вакцинациялау, жануарларды сәйкестендіру және қаңғыбас ит-мысықтарды бақылау шаралары жалғаспақ. Сонымен қатар, 3 мобильді инсинератор, 20 қызметтік автокөлік, 236 планшет пен 25 компьютер сатып алу жоспарланған.
Бүгінде ветеринариялық қауіпсіздік тек мал шаруашылығы үшін ғана емес, адамдардың денсаулығы үшін де маңызды. Себебі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жаңа инфекциялық аурулардың 70%-ы адамға жануарлардан жұғады. Сондықтан Ақмола облысының ветеринариялық басқармасы халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, аурулардың алдын алу шараларын жетілдіруде.
«Ақмола облысының ветеринария басқармасы өңірдегі эпизоотикалық тұрақтылықты сақтау және ветеринариялық қызметтің сапасын арттыру бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Ветеринария саласындағы жаңашылдықтар ауыл шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізіп, тұрғындар үшін қауіпсіз азық-түлік өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Ағыбай Сыздықов.