Бұланды ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасын дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде орындалып келеді. Бұл туралы аудан әкімі -ткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2025 жылға арналған жоспарлар бойынша өткізілген брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Аудан экономикасының тірегі – аграрлық сектор. Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 134,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы саласы қарқынды дамып, 43,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Орташа өнімділік 21,4 центнерді құрап, дәнді және бұршақты дақылдардың жалпы түсімі 412,3 мың тоннаға жетті.
«2024 жылы аудан бюджетіне 3 млрд 103 млн теңге салық және міндетті төлемдер түсті. Бұл жоспардан 117,8 пайызға артық орындалды. Аудан бойынша орташа жалақы мөлшері 326 201 теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсті», – деді Ардақ Смайылов.
Ал мал шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 90,6 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткішке Макинск құс фабрикасындағы өндіріс көлемінің азаюы әсер еткен.
«2024 жылы өнеркәсіп өндірісі 113,9 млрд теңгені құрап, индекс 106,4 пайыз болды. Өңдеу өнеркәсібі басты салалардың бірі ретінде 111 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл ретте, Макинск құс фабрикасы 68,9 млрд теңгенің өнімін шығарып, жетекші кәсіпорын ретінде танылды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 18,6 млрд теңгеге жетті. Ал белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері 1695 бірлікті құрап, 2 пайызға өсті», – деп толықтырды спикер.
Аудан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 9,5 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 44 пайызға артты. Вознесенка және Никольское ауылдарында 200 орындық мәдениет үйлері мен Вознесенка ауылында жаңа көпір салынды. Бұған қоса, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 114 үйдің құрылысы басталып, 13,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Макинск қаласында 76,7 шақырымдық су жүйелері арқылы ауыз сумен қамтылу деңгейі 93,9 пайызды құрады. 2024 жылы қалада 45 шақырым су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жалпы жоба 2025 жылдың желтоқсанында аяқталады. Сонымен қатар, бірнеше ауылда су жүйелері тартылып, ішкі желілер жаңартылуда.
Аудан әкімі Ардақ Смайыловтың айтуынша жылумен қамтамасыз ету бағытында қуаты 35 Гкал/сағ екі модульді қазандық жұмыс істейді. 2024-2025 жылғы жылыту маусымында туындаған техникалық ақауларды жою үшін қажетті жабдықтар сатып алынып, орнату жұмыстары жүріп жатыр.
2024 жылы облыстық бюджет есебінен 621,1 млн теңгеге үш білім беру нысаны жөнделсе, биыл екі мектепке 981,9 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Новобратск, Алтынды және Партизанка ауылдарында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттер салынды.
Су тасқынынан зардап шеккен 72 үй иесіне жалпы сомасы 23,8 млн теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұған қоса, зардап шеккен отбасыларға құрылыс материалдары таратылды.
«Бұланды ауданы болашағы зор, жақсы өндірістік әлеуеті мен еңбек ресурстары бар аудан ретінде алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізетініне сенімдімін», – деп түйіндеді аудан әкімі.