Бұланды ауданында білім беру жүйесін жаңғырту мен дамыту бойынша маңызды жұмыстар жүргізілуде. Ауданда мектептер мен білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Исмағамбетова Кенжебике мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Өткен жылы ауданның 4 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Бұл мектептерге Макинск қаласының мектеп-гимназиясы, Қараөзек, Вознесенка және Никольское ауылдарының білім беру мекемелері кіреді. Осы жылы Макинск қаласындағы екі мектеп – №1 жалпы білім беретін мектеп пен Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр. Оның қатарында мектепке дейінгі ұйымдарды жаңғырту ісі де бар.
«Сондай ақ аудан мектептерінің жабдықтары да жаңартылған. Өткен жылы жаңа жиһаздар сатып алынып, 16 миллион теңгеге екі STEM кабинеті орнатылыпты. 2025 жылға тағы екі STEM кабинетін сатып алу жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдықтар мектептердің білім беру сапасын арттыруға және оқушыларға заманауи білім беру мүмкіндіктерін ұсынуға бағытталған», деп атап өтті спикер.
Аудан әкімінің орынбасарының мәліметінше, ауданның барлық 28 мектебінде ыстық тамақ ұйымдастырылған. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де жағдай жалуда. Екі инклюзивті кабинет ашылды. 2025 жылы тағы екі оқу кабинеті ашу жоспарлануда.
«Бұланды ауданында қосымша білім беру ұйымдары да жұмыс істейді. Ауданда балалар музыка мектебі мен балалар мен жасөспірімдер орталығы бар. Мектептердегі үйірмелер мен секцияларға 4000-нан астам бала қатысады, ал бұл үйірмелер мен секциялар тегін жүргізіледі», деп толықтырды аудан әкімінің орынбасары Исмағамбетова Кенжебике.