
Әлемге тәуелсіз ел болып танылған кезеңнен бері Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттар мен ұлыстардың бірлігін нығайтуға, азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға айырықша мән беріліп келеді.
Біздің халқымыз өзінің табиғатынан, өзінің жаратылысынан елдің бірлігін, ағайыннның татулығын бәрінен биік қоя білгендігі ақиқат. Тарихтың түрлі қиын-қыстау кезеңдерінде қазақтың даласын қоныстанған түрлі халықтың баласын оның ұлтына да, тіліне де, дініне де қарамастан бауырына басып, барын бөлісе білген, жандарын аман сақтап қалған қазақ халқының осы бір жақсылығын Қазақстандағы түрлі этнос өкілдері әрдайым алғысты көңілмен еске алып отырады.
Бізге дәуірдің аса бір сындарлы кезеңінде қалыптасқан этносаралық бірлік пен келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту басты міндет болып қала берері бар.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді, – деген болатын.
Мемлекет басшысының алға қойып отырған осы міндетін жүзеге асыруда құрылғанына 30 жыл толып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы аса маңызды рөл атқарып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінің негізгі міндеті жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту болып табылса, Ассамблея өзінің құрылған күнінен бастап қалыптасу мен дамудың түрлі кезеңдерінен өтіп, қазіргі уақытта түрлі этностардың әлеуетін мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен өркендеуіне бағыттайтын, қоғамның барлық мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыратын беделді ұйымға, өзге елдерге үлгі боларлық бірегей институтқа айналды.
Бір сөзбен айтқанда Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрылым ретінде танылып, мемлекеттік мүддеге қызмет етудің тамаша өнегесін көрсетіп келеді.
Ақмола облыстық Ассамблеясын құрудың бастауында тұрған Ассамблеяның ардагерлері Амангелді Сыздықов, Мейрамбек Қиықов, Магамет Сукалов, Владимир Биджиев, Зоя Авилова, Герихан Яндиев, Рафаил Сулькарнаев, Светлана Корнеева, Алия Ахетова, Иван Сауэр, Шалва Джахуташвили, Жамул Мусханов, Рауза Байкенова және тағы да басқа жерлестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, Ассамблеяның даму тарихында үлкен із қалдырған, қазір арамызда жоқ Оразбек Ахметов, Ғосман Төлеғұл, Моисей Чжен, Марзият Тохаева, Зере Қиықова, Елена Мащинская сынды қайраткерлерді де ұмытпай, еске аламыз.
Атырауда 2024 жылдың 15 наурызында өткен Ұлттық құрылтайдың 3-ші отырысында Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға арқау болатын жалпыұлттық құндылықтарды айқындап берген еді. Белгіленген бағыт бүгінгі таңда азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен үндестік тауып отыр.
Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің 100-ден астам түрлі этнос өкілдерінің басын қосып, этносаралық келісімді нығайту жөнінде елеулі жұмыс жүргізуде. 131 адамды құрайтын облыстық ассамблея, 48 этномәдени бірлестік және 8 ассамблея құрылымы этностарды қазақстандық қоғамға интеграциялауға, ұлттық бірлік пен азаматтық құндылықтарын дамытуға, қоғамдық келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталған жобаларды іске асырады.
Ассамблея құрылған 30 жыл ішінде өңірдегі этностардың қатысуымен мыңдаған әр форматтағы іс-шаралар өтті.Мәдени байланыстарды нығайтуға және этномәдени дәстүрлерді қолдауға ықпал ететін облыстық «Достық үйінде» 17 облыстық этномәдени бірлестіктің кабинеті орналасқан. Мекеме базасында этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары — «Русская песня», «Галиябану» халық ансамблдері, «Синегорье» вокалдық тобы, лезгинка би мектебі жұмыс істейді. Және де облыстық ассамблеяның жанында Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Этномедиация кеңесі, Журналистер клубы, Ғылыми-сараптамалық топ, «Ассамблея жастары» өкілдігі, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің одағы, «Жомарт жан» орталығы сияқты қоғамдық құрылымдар өзара іс-қимыл жасап, жобалар мен іс-шараларды іске асыруда.
Өңірдегі 21 Ақсақалдар кеңесі және 104 Аналар кеңесі халықтың әлеуметтік мәселелерін уақтылы анықтау және шешу бойынша профилактикалық жұмыс жүргізу, сондай-ақ саяси реформаларды іске асыру барысы бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесулеріне қатысып, қазақстандық патриотизмді, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған «Адал Азамат» ҚХА жобасы аясында мектеп оқушылары арасында тәрбие сағаттарын өткізеді.«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана», «Әже тәрбиесі-ұлылықтың дәні» жобалары аясында жастардың азаматтық ұстанымдарын қалыптастырып, ұрпақ тәрбиесіне ықпал етуде.
Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысады.Мысалы өткен жылы жалпы сомасы 124 миллион теңгеге 85 қайырымдылық іс-шаралары бойынша 12 мың адамға көмек көрсетілді. Олардың ішінде су тасқыны кезінде ұйымдастырылған «Жүректен жүрекке» акциясы,Алғыс айту күніне арналған қайырымдылық шаралары, «Жүрек жылуы», «Балаларға сыйла», «Мектепке жол» акциялары бар.
Су тасқыны кезінде ҚХАА бойынша штаб құрылды, онда ұйым мен аймақ тұрғындары жалпы сомасы 22 миллион теңгеге азық-түлік, киім-кешек жинап, зардап шеккендерге көмек көрсетті. Ассамблея жастарының 140 еріктісі, этномәдени бірлестік мүшелері 236 отбасына көмек қолын созды.
Облыстық ассамблеяның Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің, ғылыми-сараптамалық топтың, этномәдени бірлестік өкілдерінің қоғамдық пікір көшбасшыларынан құрылған ақпараттық-түсіндіру тобы облыс тұрғындары арасында кездесулер, лекциялар өткізіп, әлеуметтік желі арқылы да этносаралық келісімді насихаттау бойынша ақпараттық жұмысқа қатысады. Ассамблея өкілдері мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде дамытуға ерекше назар аударады. Бүгінгі таңда «Мемлекеттік тілге 7 қадам», «Үйде сөйле», «Мәміле» сөйлеу клубы жобалары жүзеге асырылуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеудің бастамасы 1 наурыз – Алғыс айту күні басталады. Осы атаулы күнді лайықты атап өту мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл жоспар ғылыми конференциялар, мәдени іс-шаралар, ұлттық дәстүрлер мен қолөнер көрмелерін, әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық акцияларын өткізуді көздейді.
Бірлік пен бейбітшіліктің мәні, ел этностары арасындағы құрмет қажеттілігі туралы түсінік қалыптастыру үшін арнайы білім беру бағдарламалары мен тренингтер өткізу жоспарлануда. Әлеуметтік желілерді, соның ішінде жастар медиа-контентін пайдалана отырып, Ассамблеяның тарихи рөлін және оның қоғамдағы маңызын түсіндіруге бағытталған көптеген іс-шаралар жоспарланған. Сондай-ақ, арнайы челлендждер арқылы Қазақстан халқының бірлігі мен патриотизмі туралы посттар мен бейнероликтер жарияланады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу — бұл белгілі бір ұйымның жетістігін атап өту ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамның бірлігі, бейбітшілігі мен ұлттық құндылықтарын сақтау жолындағы қызметтерін бағалай отырып, алдағы уақытта да қазақстандық ортақ мүдде үшін елді бірлікте ұстап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беру үшін маңызды қадамдар жасау деп білеміз. Еліміздің бірлігі мен ынтымағын сақтау барша қазақстандықтардың басты міндеттері болып қала береді.
Досұлан Айтбаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары.