Жыл басынан бері Біржан сал ауданында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Бұл туралы аудан әкімі Болат Қасенов брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Аудан көлемінде жүргізілген құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 207 миллион теңгені құрады. Бірақ өткен жылмен салыстырған көрсеткіш сәл төмен. Былтыр ірі жобалар (аурухана, мектеп, су құбыры) қатар іске асқан болатын.
«Биыл халық қаражаты есебінен 486 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылдың көрсеткішінің 37,7 пайызы. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар мен бюджет саласы қызметкерлерін тұрғын үймен қамту мақсатында 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Бүгінде мемлекеттік қордан тұрғын үй кезегінде 258 адам тіркелген», – деді аудан әкімі.
Алғашқы мердігердің міндетін дұрыс орындамауына байланысты келісімшарт бұзылып, жаңа конкурс нәтижесінде «Қаракесек-НТ» ЖШС анықталды. Жобаға облыстық бюджеттен 74 млн теңге бөлінгенімен, жобаны нақтылау үшін қосымша 121 млн теңге қажет болып отыр.
Су мәселесі ауданның басты басымдықтарының бірі ретінде қарастырылады. Макпал ауылында су құбыры жүйесі толық жаңартылып, 74 абонент орталық су жүйесіне қосылды.
«Үлгі ауылындағы су құбыры желілерінің 95%-ы аяқталған. 788 млн теңге бөлінген бұл жоба шілде айында пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, Заозерное ауылындағы су желісін қайта құруға 297 млн теңге қарастырылғанмен, қосымша 12 млн теңге қажет. Уақытша бұл ауылға «Көкше Цемент» кәсіпорны ауызсу жеткізіп отыр», – деп толықтырды әкім.
Ақтас және Макинка ауылдарының тозған су желілеріне 55,6 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ал Каратал мен Степняк ауылдарында суды тұщыту жүйесі бар кешенді блок-модульдер орнатылып жатыр.
Степняк қаласындағы жылу жүйесінің ұзындығы – 15,6 км. Өткен жылыту маусымында көмір тапшылығы мен жылу жеткізудегі қиындықтар тіркелді. Осыған байланысты екі қазандықтағы 6 пешті ауыстыру туралы шешім қабылданып, бұл жұмысқа облыстық бюджеттен 122 млн теңге бөлінді.
Ауданда жол мәселесі де біртіндеп шешілуде. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қоғам және Тасшалқар ауылдарының ішкі жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 80 млн және 157 млн теңге бөлінді.
Ауданда 25 мектеп пен 2 балабақша жұмыс істейді. Биыл Кеңащы, Андықожа батыр және Степняктағы №1 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Макинка мектебін жөндеуге 225 млн теңге бөлінді. Бұланды ауылында 80 орындық мектептің құрылысы аяқталып, аула абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Медицина саласында 45 орындық аурухана мен 200 адамға арналған емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жобаға 6,1 млрд теңге бөлінді. Тамыз айында толық іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Андықожа батыр ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынды.
«Қазір ауданда 18 дәрігер жұмыс істейді, қажеттілік – 9 маман. Кадр тапшылығын шешу үшін әкім атындағы атаулы шәкіртақы тағайындалып, 10 студент медициналық жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Биыл оның 4-еуі оқуын аяқтап, ауданға келмек», – деді әкім.
Жыл басынан бері 127 жаңа жұмыс орны ашылған. Әлеуметтік осал топтарға 15,5 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Бұл аудан халқының 3,1 пайызына тең. Жұмыссыздық деңгейі – 5,2 пайыз, тіркелгені – 1,4 пайыз.
Ауданда 14 клуб пен 20 кітапхана жұмыс істейді. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жаңа спорт алаңдары, балалар алаңдары орнатылып, ұлттық спорт түрлері дамытылып жатыр. Кеңащы ауылында футбол алаңы салынды. Бұқаралық спортты дамыту жолында «Жеңіс» спорт кешені мен жаңартылған стадион өз жұмысын жалғастыруда.