Облыста 300 мыңнан астам адам дене шынықтыру және спортпен айналысады, көрсеткіш облыс халқының 42% құрайды. Бұл туралы Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин журналисттермен өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Қазіргі уақытта облыста кәсіби спорт саласында Қазақстан Республикасының чемпионаттарында өнер көрсететін 5 команда бар – шайбалы хоккейден «Арлан», футболдан «Оқжетпес», баскетболдан «Оқжетпес», «Ұшқын Көкшетау» ерлер волейбол командалары.
«Әр түрлі спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама командаларының құрамына облыстан 560 спортшы кіреді. Сонымен қатар облыста олимпиадалық спорт түрлерінен жоғары спорттық шеберлік мектебі , олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен жоғары спорттық шеберлік мектебі, олимпиадалық резерв даярлау орталығы, олимпиадалық резервінің мектеп-интернат-колледжі жұмыс істейді», – деді Ардақ Болатұлы.
Облыста спорт резервін даярлауды 29 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жүзеге асырып келеді. Онда 61 спорт түрі дамытылады, оның ішінде 30 олимпиадалық, 20 олимпиадалық емес және 11 ұлттық спорт түрі, жалпы 20 000 астам спортшы қамтылған.
Басқарма басшысының айтуынша облыс көлемінде халық үшін спорт ғимараттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
«2021 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін спорт залдарға баруды қамтамасыз ету жөніндегі жобаны ұйымдастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын іске асыру жүзеге асырылуда. Осындай қызметпен 524 адам қамтылды, оның ішінде 96 бала. Жоба аясында логопед, психолог, дефектолог, тәрбиешілер сияқты мамандар тартылды», – деп толықтырды Ардақ Төлендин.
Биылғы жылы облыс атынан қатысқан Парижде өткен жазғы паралимпиада ойындарында Дегтярев Дэвид пара пауэрлифтингтен екі дүркін чемпион атанды. Еркін Ғаббасов жазғы пневматикалық мылтықтан ату жарысында күміс жүлдегер атанды. Әмір Мұратбеков 100 метрге брасспен жүзуден іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетіп 8 орын алды. Алдияр Балташев 24 Сурдолимпиада ойындарында Рио-де-Жанейро қаласында өткен грек-рим күресінен жарыста қола медаль жеңіп алды.
«Облыста ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін «Мерген» спорт клубы жұмыс істейді, онда 11 спорт түрі бар. Оқитындар саны-355 адам. Клубтың табысты жұмысы 2 олимпиадалық цикл барысында тәрбиеленушілердің жоғары нәтижелерімен расталады. Жалпы облыс бойынша осы санаттағы айналысатын адамдардың саны 2454 адамды құрайды», – деп толықтырды басқарма басшысы.