
Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс прокуратурасы Аппаратының басшысы Ержан Жандосов Президенттің «Заң және тәртіп» нарративі аясында өңірде қолға алынған кешенді шаралардың нәтижесімен бөлісті.
Басшының айтуынша, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі жалпы қылмыс деңгейі 3 пайызға төмендеген. Әсіресе аса ауыр қылмыстар 49%-ға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 26%-ға, ал онша ауыр емес қылмыстар 43,5%-ға азайған.
«Бұл – құқық қорғау жүйесінің тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсететін нақты көрсеткіш. Алдын алу, бақылау және қоғамдық қолдаудың нәтижесі осы», – деді Ержан Жандосов.
Бүгінде облыстың 589 ауылында «Зиялы қауым» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға шамамен 300 мың тұрғын тартылған. Ауыл ақсақалдары құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде.
«Жоба нәтижесінде 98 ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ал 35 ауылда тұрғындар өз еркімен алкогольден бас тартты», – деді ол.
«Жас Ұрпақ» жобасы арқылы оқушылар арасында ұлттық құндылықтар мен құқықтық сауаттылықты арттыру көзделген. Қазірдің өзінде 30 мектептен 1200 оқушы қатысып жатыр, алдағы уақытта 10 мыңнан аса бала қатысуға ниет білдіріп отыр.
«Бұл жобаға тартылған балалардың арасында қылмыс та, суицид те тіркелмеген. Кейбірі проблемалық мектептерден келгенімен, жоба олардың бейімделіп, ашылуына көмектесті», – деп атап өтті Жандосов.
«Жер заңмен» жобасы аясында жалпы көлемі 302 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Оның 60 мың гектары биыл қайтарылған. Бұл жерлердің кадастрлық құны – 5 млрд теңге. Оның ішінде орман қорындағы 420 гектар жер 3,7 млрд теңгеге бағаланған.
Ерейментау мен Біржан сал аудандарында 22 мың гектар жайылым мен егістік алқаптар қайтарылып, жайылым тапшылығы үштен бірге азайды.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексерудегі волокитаны жою» жобасы азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Полицейлердің қылмыстық істерді 15 күн ішінде сапалы тергеуіне бақылау күшейтілген. Наркотикалық және тұрмыстық қылмыстар бойынша сараптамалар 3 күн ішінде жүргізілуде.
«Тексеру мерзімін бұзу 41%-ға, шағымдар саны 23%-ға, ал волокита бойынша көрсеткіш 66%-ға азайды», – деді прокуратура өкілі.
Сонымен қатар істерді 3 күн ішінде тоқтату 282%-ға артса, қарапайым тәртіппен сотқа жолданған істер 41%-ға көбейген.
Облыста жалпы құны 640 млрд теңге болатын 47 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Биыл 90 млрд теңгеге бағаланған 8 инвестордың мәселесі шешімін тапты.
«Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 10 млрд теңгеге 33 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр», – деді Жандосов.
Аршалы мен Бұланды аудандарында екі фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.
Қосшы қаласында 558 үлескердің мәселесі шешілуде. Шілде айында «Сиреневый сад» кешенінің 130 үлескері, жыл соңына дейін «Даймонд Парк» кешенінің 138 үлескері пәтерлерін алады. Тағы 11 тұрғынның мәселесі медиативтік келісім арқылы шешілген.
Егіндікөл ауданында 6,5 мың адамға арналған су желісі іске қосылды, ал өңірде 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр – бұл 2000 оқушы орны тапшылығын жояды.
Ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы жұмыстар күшейтілген. Бір есірткі және бес фитолаборатория анықталып, 9 кг есірткі тәркіленген. Төрт жеткізу арнасы жабылып, сот шешімімен 2,5 мың наркошоттағы 41 млн теңге бұғатталды.