
2025 жылы еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. Бұл – тек тарихи дата ғана емес, халқымыздың жады мен жүрегінде сақталған қасиетті күн. Жеңіс мерекесіне орай Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі – Ақмола облысында қолға алынған «Ардағым ардагерім» қайырымдылық акциясы.
Аталған бастама Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Жомарт жан» орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда. Акция аясында ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға, тыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлеріне тұрмыстық көмек көрсетіліп, азық-түлік себеттері таратылуда, сондай-ақ басқа да әлеуметтік қолдау шаралары өткізілуде.
25 сәуір күні, түрлі этномәдени бірлестіктер өкілдері ардагерлерге арнайы барып, құрмет көрсетті: «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі тыл еңбеккері Рябченюк Борис Федоровичке, «Бари» армян мәдени орталығының өкілдері Каримова Айнақасқа, «Чуваш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Костенко Рита Сергеевнаға барды.
Айта кету керек, Рита Сергеевна – «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» жанындағы «Русская песня» халық ансамблінің белсенді мүшесі.
«Чуваш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Артем Мащинский бұл игі шараның маңыздылығына ерекше тоқталып, ризашылығын білдірді.
«Мұндай акциялар – Ұлы Жеңіс туралы естелікті сақтау мен оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды құралы. Бұл – тек өткенге тағзым ғана емес, бейбіт өмір мен бірліктің шынайы құндылығын ұғындыру. Қазақстан – батырлар елінің ұрпағы. Біз патриотизм мен тарихқа құрмет негізінде жастарды тәрбиелеуді жалғастыруымыз керек», деді ол.
Еске сала кетейік, жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің тарихи маңызын атап өтті. Ол ардагерлердің батырлығы мен ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы тарихи жадтың рөліне тоқталып, қоғамды осы құндылықтарды дәріптеуге шақырды.
Ардагерлерге құрмет көрсету – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Бүгінгі бейбіт өміріміз, ашық аспанымыз сол батырлардың ерлігі мен тылда қажырлы еңбек еткен азаматтардың арқасы.
«Ардағым ардагерім» акциясы – осы ерлікті естен шығармаудың, үлкенге құрметтің және елге деген сүйіспеншіліктің шынайы көрінісі.