Отырыс барысында атом электр стансасы жобасының маңызы мен оның ел экономикасына тигізер пайдасы кеңінен талқыланды.
30/09/2024 15:01
329
оқылды
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысы өтті. Жиынға партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Байқонысов, Экологиялық кеңестің төрағасы Жеңіс Тұрғанов және кеңес мүшелері, жас экологтер мен бастауыш партия ұйымының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Отырыс барысында атом электр стансасы жобасының маңызы мен оның ел экономикасына тигізер пайдасы кеңінен талқыланды.
Ербол Байқонысов жиынға төрағалық етіп, атом энергетикасы секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрғанымызды атап өтті.
«АЭС құрылысы – Қазақстанның ұзақмерзімді табысты дамуының кепілі. Барлық озық ойлы тұлғалар атом энергетикасының тиімділігін жақсы түсінеді. Бұл – қауіпсіз, сенімді және экологиялық таза жоба. Біз үлкен таңдау алдында тұрмыз», – деді ол.
Экологиялық кеңестің төрағасы Жеңіс Тұрғанов қоғамда АЭС жобасына байланысты түрлі қауесеттің тарап жүргенін атап өтті. Ол сондай-ақ тақырыпқа қатысты туындаған сауалдарға нағыз мамандардан ғылыми дәлме-дәл жауап алу қажет екенін айтты.
«АЭС-тің қоршаған ортаға зиянды екені туралы пікірлер бар. Алайда мамандар АЭС-тің ток өндірудің ең тиімді және экологиялық тұрғыда таза тәсілі екенін дәлелдеді», – деді Жеңіс Тұрғанов.
Ол сонымен қатар қазіргі таңда елімізде энергияның бір бөлігі көмір арқылы өндірілетінін атап өтті.
«Көмір стансалары экологияға орасан зор зиян тигізеді. Ал «күн, су, жел электр стансалары сияқты баламалы жобаларды неге көбейтпеске?» деген сұраққа келер болсақ, бұл жобалар ауа райының құбылмалылығына байланысты тұрақты ток көзін қамтамасыз ете алмайды», – деп түсіндірді.
Отырыс барысында АЭС-ке қатысты ресми ақпараттар да айтылды. Қазіргі таңда 30-дан астам елде 415 реактор жұмыс істеп тұр. Оның көбі АҚШ, Қытай, Ресей, Франция сияқты дамыған елдерде орналасқан.
Ербол Байқонысов: «Егер АЭС шынымен қауіпті болса, дамыған елдер мұндай стансаларды салмас еді. Керісінше, олар экономикасын дамытып, озық елдерге айналып отыр», – деп ойын түйіндеді.
Одан бөлек, АЭС жобасының құрылыс кезеңі мен технологиялық аспектілері де талқыланды. Жиын соңында қатысушылар атом энергетикасының болашағы, қауіпсіздігі және экологиялық жауапкершілігі туралы пікір алмасты. Азаматтар АЭС жобасына қатысты көкейінде жүрген сұрағын қойып, тұшымды жауап алды.
Жарма аудандық Халық штабының мүшелері «Шалабай» ЖШС-нің ұжымымен кездесті
Жарма аудандық Халықтық штабының өкілі Ибрагимов Олжас Ильдусұлы және Жарма аудандық штабының мүшелері АЭС салу жөніндегі Республикалық референдум қарсаңында оның маңызын талқылады. Жарма аудандық Халықтық штабының өкілі Олжас Ибрагимов атом электр станциясы мен оның жұмыс істеуі туралы толық ақпарат берді.
«Сыртқы тәуекелдерді азайту және жобаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тексерілген халықаралық әріптестермен ынтымақтастықтың егжей-тегжейлі тетіктері, сондай-ақ озық технологияларды енгізу көзделген. Азаматтардың денсаулығын, флора мен фаунаны қорғау мемлекеттің басымдықтарының бірі болып табылады. Сондықтан, АЭС бойынша халық оң шешім қабылдаған жағдайда, Қазақстанда осы салада озық технологияларды пайдалану, атап айтқанда, III және III+жаңа буын атом электр станциясын салу жоспарлануда. Олардың ерекшелігі-белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерін қосу. Олар ішкі және сыртқы шығу қатерлері жағдайында атом электр станцияларының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деді спикер өз сөзінде.
«Атом электр станциясының құрылысы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, электр қуатының тапшылығын, энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығы мен сенімділігін төмендету үшін қажет. Сонымен қатар, бұл ел үшін ұзақ мерзімді экономикалық пайда болады. Атом энергетикасы отандық ғылым мен білім беруді дамытуға оң мультипликативтік әсер ететіні, жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялардың жедел дамуына ықпал ететіні сөзсіз»,-деп атап өтті штаб өкілі.
Кездесу белсенді талқылау форматында өтті. Азаматтардың АЭС құрылысына қатысты сұрағына толық жауап берілді.