Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 6 қазанда АЭС салу жөнінде референдум өтеді.
Қазір қоғам талқысындағы осы мәселеге орай елімізде атом энергетикасы кадрларын даярлау және оны бейбіт мақсатта пайдаланудың ерекшеліктері жөнінде Ядролық физика институты бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаевпен әңгімелескен едік.
– «АЭС не үшін керек?» деген сұраққа мамандардың көбі елімізде электр энергиясы жетіспейді, атом энергиясы экономикалық жағынан тиімді, экологияға зияны жоқ деп жауап береді. Сіздіңше, АЭС Қазақстанды энергия тапшылығынан қалай құтқарады? Бір ғана АЭС салып, қуат жетіспеушілікті еңсере аламыз ба?
– Энергия тапшылығы қазірдің өзінде бар. Біз Ресей мен Қырғыз мемлекетінен күнделікті электр энергиясын сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Көбіне кешкі және таңертеңгі уақытта сатып аламыз. Яғни, Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір бізде жетіспеушіліктің қуаты 2 ГВт-тан асып тұр. Сондықтан АЭС салу жоспарланып жатыр. АЭС-ті 2035 жылы қосамыз деп болжағанның өзінде бұл қуаттылықтың мөлшері толық 9-10 пайыз болады. Сонымен қатар АЭС-тен басқа жаңартылатын электр көздерін салу да жоспарланған. 2023 жылғы мәлімет бойынша, жаңартылатын электр көздерінің қуаттылығы 6 пайызды құрады. Яғни, біз жаңартылатын қуат көздерінен бас тартып жатқан жоқпыз. Оларды да салуды қарастырып, осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бір ғана АЭС салып электр қуатының жетіспеушілігін еңсере алмаймыз. Бірақ алдымен бір АЭС-тің өзі біршама тұтынушылық қажеттілікті қамтамасыз етеді. АЭС салу арқылы энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізе аламыз. Атап айтсақ, ол меншікті атом электр стансасы энергия тасымалдаушылардың импортына тәуелділікті азайтуға, елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға және энергетикалық ресурстарды неғұрлым икемді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге АЭС металлургия, химия және машина жасау сияқты энергияны көп қажет ететін салаларды дамытуға қуатты ынталандыру бола алады. Жаңа жұмыс орындарын да атап өтпеске болмайды. Бұл – ел экономикасына оң әсер етеді. Атом электр стансаларын салу және пайдалану жаңа технологиялар мен ғылыми зерттеулерді дамытуды талап етеді, бұл елдің технологиялық жабдықталу деңгейін арттырады. Одан бөлек, парниктік газдар шығарындыларын азайта аламыз. Себебі атом энергетикасы төмен көміртекті болып келеді. Бұл Қазақстанға парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске өз үлесін қосуға көмектеседі.
– Егер АЭС салынатын болса, ғылыми практикада қай елдің технологиясы озық және біз қай елдің тәжірибесіне жүгінгеніміз дұрыс деп ойлайсыз?
– Қазір мемлекетке ұсынылған 4 жоба бар. Төрт түрлі реактор: ҚХР «CNNC» (HPR-1000 реакторы), «Росатом» МК (РФ, ВВЭР-1200 реакторлары), Оңтүстік Корея «KHNP» (APR-1000 мен APR-1400 реакторлары) және Франция «EDF» (EPR1200 реакторы) компаниялары қарастырылып отыр. Бұл реакторларда су-сулы реакторлардың типтері таңдалған. Себебі қауіпсіздігі жағынан өте жоғары реакторлардың бірі. Яғни, 50 жыл жұмыс істеген уақыт аралығында бірде-бір апатты жағдай болмаған. Демек, қауіпсіздік деңгейі тәжірибеде расталған.
Ал қай мемлекет салатынын референдум оң шешілген жағдайда сарапшылар, мемлекеттік органдар шешеді.
– АЭС халықтың тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер етеді? Олардың денсаулығына қаупі жоқ па, экологияға зияны тимей ме?
– Реактордың жұмыс істеу кезінде экологияға және адамға әсері болмайды. Өйткені реактор қауіпсіз жағдайда жұмыс істейді. Жан-жақтағы экологиялық ахуалды құртпайды. Оның радиациялық өлшемі қоршаған ортадағы радиациялық өлшемнен сыртқа артық кетпейді. Қауіпсіз реакторлар болғандықтан адамға тигізетін кері әсері жоқ. Біздің реактордың жанында тұратын Алатау қалашығына былтыр арнайы құрылғылар берілген болатын. Осы құрылғылар 6 ай сайын, 3 ай сайын тексеріліп, адам ағзасына қандай зиянды қандай радиациялық мөлшер алынатындығына мониторинг жасалған болатын. Мониторингтің қорытындысы бойынша алған дозалардың өлшемі 10 дозасынан аспайтыны анықталған. Бұл реакторлардың жанында тұратын тұрғылықты халыққа ешқандай кері әсерін тигізбейтінін айдан анық қылып көрсетті.
Дегенмен әсерлерден қорғау үшін, ең алдымен, АЭС салу үшін алаңды мұқият таңдауға мән беруіміз керек. Одан бөлек, төтенше жүктемелерге төтеп бере алатын ғимараттар мен құрылыстардың құрылымын және төтенше жағдайларға арналған іс-қимыл жоспарларын әзірлеу қажет. Ықтимал тәуекелдерге қарамастан, қазіргі заманғы атом электр стансалары ең қауіпсіз энергия көздерінің бірі болып табылады. Технологиялар мен қауіпсіздік жүйелерін үнемі жетілдіру апаттардың ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді
– АЭС-тің радиоактивті қалдықтарсыз болмайтыны шындық, оны қайта өңдеу және сақтау әлемдік деңгейде әлі де шешімін таба қойған жоқ. Қазақстан радиоактивті қалдықты қайда, қалай сақтамақ? Мүлде зарарсыздандыру мүмкін бе?
– АЭС-де жанған отынның шығындылары болады. Осы радиоактивті шығындыларды уақытша сақтау қоймасына салып, қайтадан өңделетіндей қылып, оны заманауи технология негізінде жаңа отын ретінде пайдалануға болатын мүмкіндік бар. Бұл технологияларды Франция, Ресей мемлекеттері пайдаланып келеді. Технология туралы айтатын болсақ, қалдық отынды байытып, қайтадан отын ретінде 4 буын реакторларына дайындауға болады.
Ал экологтердің, «жасылдардың» айтуы бойынша, оны миллиондаған жылдарға көміп тастаймыз және радиация қоршаған ортаға әсерін тигізеді деген шындыққа жанаспайтын мәлімет.
– Станса Алматы облысында Балқаш көліне жақын орналасқан Үлкен ауылының маңында салынатыны нақты шешілді ме? Балқаш көлінің су деңгейі АЭС-ке қажетті сұранысты өтей ала ма? Су сапасына әсері бола ма?
– Жоғарыдай айтқанымыздай, жаңа қарастырылып отырған реакторлардың типі су-сулы реакторлар. Ол екі контурдан тұратын реактор. Бұл контурлар тізбектей және тұйықталған жүйе болады. Бірінші контур отынмен, яғни уранмен тікелей жанасады. Бірінші контурдың радиациясы 14, екінші контур бірінші контурды суытатын және жылуын алатын контур, тұйықталған болғандықтан осы екі контурдың суы бір-бірімен араласпайды. Жылу алмасуы жылу алмастырғыштармен байланысты болады. Екінші контурда су буланған кезде механикалық роторларды айналдырып, механикалық энергиядан электр энергиясына айналады. Балқаш суы екінші контурдағы судың буын конденсациялатындай буды суытып қайта шығады, яғни Балқаш көлінің суы реактордың тікелей екінші контурымен араласпайды, соның аумағына келіп буын суытып қайта шығатын су болып тұр. Оның тек бір мәселесі бар. Балқаштың суы реакторға тұйықталған тізбекпен келіп кіреді және 5-7 градусқа дейін температурасы көтеріледі де, қайтадан Балқаш суына құйылады. Осы пайдаланылған судың көлемі Балқаш көлінің тұтас көлемімен салыстырғанда өте аз мөлшерде болғандықтан, көлге зияны тимейді.
– Демек, реакторда ысытылған су Балқашқа қайта құятын болса, оның Балқашқа зиянын тигізбейтіндігі және қауіпсіздігі қалай дәлелденген?
– Мысалға айтатын болсам, біздің институтта реактор 1957 жылдан бастап істеп келе жатыр. Қазір сол реактордың базасында радиофарм препараттары жасалады. Радиофарм препараттар Шымкентке, Алматыға, Семейге, Астанаға жөнелтіледі. Олар онкологиялық ауруларды емдейтін бірден-бір препараттар. Жылына 4,5 мыңнан аса адам, біздің институтта шығарылған радиофарм препараттардың арқасында ем-шара алып жатыр. Биылдан бастап радиофарм препараттарымыз Бішкек қаласына да жөнелтіліп жатыр. Одан басқа өндірістік радиоизотоптар бар. Ол да газ-мұнай саласына керекті радиоизотоптар. Яғни, әлеуметтік жағынан – бұл технологиялардың пайдасы өте зор. Ғылым жағынан ғалымдарымыз істеп жатқан жұмыстары алдынғы қатарлы халықаралық жарияланымдарда мойындалып, бейбіт атомның пайдасы зор екенін дәлелдеді десек болады.
– Ал АЭС энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікке қаншалықты кепіл бола алады? Сонымен қатар АЭХА МАГАТЭ АЭС-тің қауіпсіздігіне қаншалықты жауап бере алады?
– Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік – (МАГАТЭ) бүкіл әлемдегі бейбіт атомның қолданылуын қадағалайтын ұйымның бірі. Біздің ғылыми зерттеу реактор АЭХА-гі (МАГАТЭ) сарапшыларының бақылауында десек қателеспейміз. Жыл сайын біздің ұйымды АЭХА үш мәрте тексеріп кетеді. АЭС және ғылыми зерттеу реакторларына АЭХА ұйымының қауіпсіздік жағынан және пайдалану жағынан қойылатын талаптары бірдей. Ол үлкен бе, кіші ме атом реакторына бірдей талаптар қойылады, яғни бұл қадағалаудың үлкен деңгейде екенін көрсетеді.
– АЭС-ті салуға оны дұрыс пайдалануға отандық мамандардың әлеуеті жете ме?
– АЭС-ті пайдалануға қауқарымыз жетеді. Өйткені атом саласында, атом энергетикасында, атомды бейбіт мақсатта пайдалануда біздің үлкен құзыреттілігіміз бен тәжірибеміз бар. Қазірдің өзінде елімізде 50 жылға жуық уақыт аралығында үш реактор жұмыс істеп келе жатыр. Олардың бәрінде мамандар шоғыры қалыптасқан. Бұл Қазақстанда баяғыдан мамандар даярланып жатқанын көрсетеді. Бұдан басқа қарқынды жұмыс істеп жатқан бағыты жоғары оқу орындарымен Қазақ ұлттық университеті, Еуразия ұлттық университеті, Шығыс Қазақстанда Аманжолов және Серікбаев атындағы университеті, Қ.Сәтбаев университетінде, Алматы Энергетикалық университетінде инженер мамандар дайындалып жатыр. 2011 жылдан бастап, 2023 жылы сала бойынша 1 600-ден аса адам дайындалып, жоғары оқу орындарын бітірген болатын. Оқып жатқан студент, магистранттардың саны 260-қа жуық. Одан басқа біздің институттың базасында ЖОО-лардың студенттері келіп өзінің практикалық сабақтарда экспериментальдық түрде деңгейін шыңдайды. Сонымен қатар институт базасында АЭХА-ның көмегімен 2000 жылдан бастап, үш оқу орталығы ашылған. Осы оқу орталықтарында атом саласында істейтін қызметкерлердің деңгейі шыңдалып, оқу курстарынан өтеді. Осының бәрі Қазақстанда АЭС-ке қатысты мамандардың дайындалған үлкен легі бар екенін көрсетеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ