«Астанадағы қазақ-француз мектебі, сондай-ақ жақын арада ашылатын Алматыдағы мектеп – жас қазақстандықтарға француз, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде білім алуға мүмкіндік береді. Мектеп түлектері француз аттестатымен тікелей Франция мен Еуропаның үздік жоғары оқу орындарына түсе алады», — дейді Францияның сыртқы сауда және шетелдегі француздар жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бұл мектепке тек Астана қаласының оқушылары ғана емес, өзге өңірлерден де шәкірттер қабылданады.

«Астана және Алматы қаласындағы қазақ-француз мектебінің ашылуы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылы Парижге барған сапарында бастау алғаны белгілі. Осы жобаны іске асыру мақсатында тиісті жұмыс басталып кеткенін көріп отырсыздар. Елордадағы қазақ-француз мектебінің алғашқы кірпішін қалау рәсімі – білім саласындағы тарихи сәт. Ол жай ғана мектеп құрылысы ғана емес, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түскенін білдіреді», — деп Астанаға арнайы келген Франция елінің делегациясына алғыс білдірді.

Айта кетейік, Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі жетекші білім ордаларының бірі болатын мектеп 2026 жылы 1 қыркүйекте ашылмақ.