Ақмола облысының Ақкөл ауданында «Адал ұрпақ» мектеп клубтарының аудандық слеті мен пікірсайыс турнирі өтті. Оған аудан мектептерінің оқушылары қатысып, адалдық, әділдік, жауапкершілік және заңға құрмет сияқты маңызды қоғамдық құндылықтарды талқылады. Іс-шара барысында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі – «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының мүшелерінің салтанатты түрде ант қабылдауы болды. Ақкөл ауданы прокуратурасының прокуроры Аружан Ақтаеваның қатысуымен оқушылар өз Отанының патриоты болуға, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын құрметтеуге, білім алуға адал қарауға және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеуге уәде берді.

Жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде Аружан Ақтаева заңға құрмет пен адалдық жай ғана айтылатын сөз емес, әр адамның өмірлік ұстанымына айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Адалдық, әділдік және заңға құрмет әр адамның өмірлік қағидатына айналуы керек. Өйткені қоғамның болашағы жас ұрпақтың қолында. Сондықтан балалардың бойында жауапкершілікті, азаматтық ұстанымды қалыптастырып, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік қасиетін тәрбиелеу маңызды», – деді ол.

Кездесу «Адал ұрпақ» клубтарының зияткерлік-шығармашылық слетімен жалғасты. Қатысушылар «Адалдық – адамдық қадір-қасиеттің негізі» тақырыбында өз жұмыстарын ұсынды. Мектеп командалары білім деңгейін, шығармашылық қабілеттерін және азаматтық жауапкершілікті түсінетіндіктерін көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақкөл қаласындағы № 4 жалпы білім беретін мектеп иеленді. Жеңімпаз команда дипломмен және 80 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Екінші орын Үрімпинка ауылының жалпы білім беретін мектебіне бұйырды. Команда 60 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Үшінші орынды Ақкөл қаласындағы № 1 жалпы білім беретін мектеп иеленіп, 40 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

«Парасаттылық – заң мен тәртіптің негізі» тақырыбындағы пікірсайыс турнирі де тартысты өтті. Жоғары сынып оқушылары құқықтық мәселелерді талқылап, өз ұстанымдарын дәлелдер арқылы қорғады. Сонымен қатар сыни ойлау, пікірін жүйелі жеткізу және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын көрсетті.

Пікірсайыс қорытындысы бойынша бірінші орын Ақкөл қаласындағы № 3 жалпы білім беретін мектептің командасына берілді. Жеңімпаздар дипломмен және 80 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Екінші орынды Азат ауылының мектебі, үшінші орынды Кеңес ауылының мектебі иеленді. Жүлдегер командаларға тиісінше 60 және 40 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

Ұйымдастырушылар Ақкөл қаласындағы № 4 жалпы білім беретін мектептің әкімшілігі мен ұжымына жылы қабылдауы және іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ командаларды байқаулар мен пікірсайысқа дайындаған ұстаз-тәлімгерлерге ерекше ризашылықтарын жеткізді.

Аудандық слет пен пікірсайыс турнирі оқушыларды адалдық, әділдік және қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты ортақ құндылықтар төңірегіне біріктірді. Осындай кездесулер арқылы жас ұрпақ парасаттылық туралы айтып қана қоймай, өз көзқарасын қорғауды, пікірін дәлелдеуді және заңның күнделікті өмірдегі маңызын түсінуді үйренеді.